Сағадат Ордашеваның «Мама-музей»

Сағадат Ордашеваның «Мама-музей»

«Мама музей» пьесасы қазіргі қоғамдағы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасты қарапайым оқиға арқылы терең жеткізетін әсерлі шығарма. Пьесаның қақтығысы Жарқынай мен оның анасы Балқияның арасындағы түсініспеушілікте жатыр. Күнделікті өмірде жиі кездесетін «не істеп жатырсың?» сияқты қарапайым сұрақтардың өзі балаға қысым болып сезілетіні көрсетілген. Осы арқылы автор бала мен ата-ана арасындағы сөйлесудің азаюын, бір-бірін тыңдамау мәселесін алға шығарады. Балаларға арналған шығармалардың жоқтығы, қазіргі театрлардың көтеретін үлкен мәселесі. Сұранысқа байланысты жазылған бұл ертегі өте өзекті болып тұр. Себебі,  балалар мен жасөспірімдерді қиял – ғажайыпқа сенуге итермелей отырып, тәрбиелік мән беріп, ойландырады. Күніге көретін анасының қадірін білу, оның айтқанын екі етпей жасап, сырласуды үйретеді

Оқиғаның дамуы Жарқынайдың өз анасын ұнатпай, басқа «ыңғайлы» ана таңдауға ұмтылуынан басталады. Осы сәттен бастап шығарма қиял мен шындық араласқан ерекше бағытқа ауысады. «Мамалар музейі» – баланың арманы мен ойының көрінісі. Мұнда әр түрлі аналар бар: бірі бай, бірақ баласына уақыт бөлмейді, бірі өте мейірімді, бірақ тұрмысы қиын, енді бірі тек өз ісімен әлек. Жарқынай осы аналардың әрқайсысын таңдап көріп, шын мәнінде ешқайсысы өз анасының орнын баса алмайтынын түсінеді.

Ертегідегі әрбір кейіпкердің өз орны, әрекеті бар. Соның ішінде оқиғаның өрбуіне, қақтығыстың шиеленісуіне арқау кейіпкер – Алғыс ханым. Аты айтып тұрғандай, ол балаларға әрбір сәтке алғыс айтуды үйретеді. Символдық бейне ретінде шығарманың негізгі қозғаушы күші болып тұр. Пьесадағы ең әсерлі тұс  Жарқынайдың өз анасының қадірін кеш түсінуі. Ол алғашында еркіндік пен жайлылықты қалайды, бірақ анасының қамқорлығы мен бақылауының артында үлкен мейірім жатқанын кейін ғана ұғынады. Әсіресе анасының қарапайым қамқорлығы — тамақ дайындауы, жағдайын сұрауы баланың өміріндегі маңызды нәрсе екені анық көрсетілген. Сахнадағы оқиғалар жеңіл, түсінікті түрде берілгенімен, оның астарында үлкен ой жатыр. Шкаф арқылы басқа әлемге өтуі, түрлі аналардың кезекпен келуі  бәрі баланың ішкі сезімін, ойлану жолын көрсетеді. Соңында ана мен бала бір-бірін түсініп, қайта табысады. Бұл көрініс өте жылы әсер қалдырады.

Шеріхан Ұлпан, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4 курс студенті

Сағадат Ордашеваның «Мама-музей» атты ертегі-мюзиклі – қазіргі заман баласының психологиясын, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынастың күрделілігін және ең бастысы, «барды бағалау» идеясын әсерлі түрде жеткізген шығарма. Пьеса жеңіл, ойын элементтерімен басталғанымен, оның астарында терең әлеуметтік, тәрбиелік мән жатыр. Шығарманың басында біз Жарқынай есімді қыздың мінезімен танысамыз. Ол-қазіргі балалардың бейнесі. Телефонға әуес, анасының айтқанын ауыр жұмыс ретінде қабылдайтын, еркіндікті қалайтын бала. Анасы Балқияның «не істеп жатырсың?» — деген қарапайым сұрағының өзі оған гипербақылау сияқты көрінеді. Бұл жерде автор ана мен бала арасындағы көрінбес алшақтықты көрсетеді. Анасы – тұрмыстан, ана болудан шаршаған, жұмысбасты, бірақ бәрібір баласының жағдайын ойлап жүретін әйел. Ал бала – сол қамқорлықты шектеу деп қабылдайды. Пьесаның бастапқы шиеленісі -Жарқынайдың тілегі орындалып, анасының жоғалып кетуі. Осы сәттен бастап шығарма фантастикалық тұрғыда өрбейді. «Мамалар музейі»- метафора. Алғыс ханым-тек сиқыршы емес, адамға өз қателігін түсінуге мүмкіндік беретін, өмірлік сабақ беретін бағдаршы. Оның «барыңды бағала» — деген ұстанымы пьесаның негізгі идеясына айналады. Музейдегі әртүрлі аналар-қоғамдағы әйелдердің түрлі бейнесі. Әнші Шалқия – сұлу, бай әйел, бірақ балаға уақыты жоқ ана. Ұрқия – мейірімді, қамқор, бірақ ақшасы аз. Басқа аналар да өз ерекшеліктерімен көрінеді. Осы арқылы автор «идеал адам да, ана да жоқ» — деген ойды жеткізеді. Жарқынайдың әртүрлі аналарды қарап, сынап көруінен – оның шығармада  өсу жолын байқаймыз. Алғашында ол еркіндікті, бақылаусыз өмірді қалайды,бірақ уақыт өте келе жалғыздық, көп көңіл бөлінбеуі, жылулықтың жетіспеуі оны шаршатады. Шалқиямен өмірі – сырттай әдемі, бірақ іші бос өмір. Ал Ұрқиямен өмір керісінше. Гиперқамқорлық пен материалдық қиындықтар. Осы қарама-қайшылықтар арқылы Жарқынай ең маңызды нәрсені түсінеді. Ананың махаббаты – тек тамақ, не ақша емес, түсіністік, бағалау, жылы қарым-қатынас.

Шұғыла образы да Жарқынайдың өміріне де, шығармаға да өте маңызды. Ол-анасыз өскен, соның әсерінен «ана қадірін» түсінетін қыз. «Сен барыңды бағаламайсың» деген қарапайым сөйлемнің өзі Жарқынайға да, оқырманға да маңызды ой салады. Шұғыла арқылы автор «біреуде бар нәрсе екінші біреудің арманы» деген ойды жеткізгісі келді. Пьесаның кульминациясы Жарқынайдың өз анасына жылап оралуы. Бұл жерде бала да ана да өзгереді. Балқияның қателігі, баласына қамқор бола тұра, онымен шынайы сөйлеспегендігі, оның ішкі әлеміне үңілмегені. Шығармада қарым-қатынас – екі жақтан да талап етілетін процесс екені айқын көрсетіледі. Пьесаның соңында барлық кейіпкерлердің мәселелері шешімін табады: Жарқынай – анасының қадірін түсінеді, Балқия – қызымен жақындасады, Шұғыла – жақсы ана табады. Бұл – ағылшынша айтқанда классикалық «happy end». Пьесаның тілі жеңіл, сахнаға ыңғайлы, сонымен қатар, заманауи элементтер – телефон, тикток, онлайн тапсырыс – шығарманы бүгінгі күнмен байланыстырып, оны өзекті етеді. Қорытындылай келе, «Мама-музей» тек балаларға арналған ертегі емес, отбасы құндылықтары туралы терең философиялық туынды. Автор ананың орнын ешкім баса алмайтынын, ал адамның қолындағы барын бағалай білу-бақыттың кілті екенін өте әсерлі жеткізеді. Бұл пьеса көрерменді күлдіре отырып, ойландырады, ал ең бастысы – жүрекке жетеді.

Жансая Хитарова, Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Театртану мамандандыруының 1 курс студенті

Добавить комментарий