Ақмарал Айтбаеваның «Капучино»

Ақмарал Айтбаеваның «Капучино»

Кофеханада басқосатын түрлі кейіпкерлердің тағдырынан құралған пьеса, әртүрлі әлеуметтік тақырыптарды бір арнада тоғыстыруымен маңызды. Кофеханадағы ғашықтар – қыз бен жігіттің, екі әлемде өмір сүретін қос құрбының, бір күннің бірнеше сағатын бірге өткізетін қызметтестер – бариста мен даяшының, ерлі-зайыптылар мен арзан психологтың іс-әрекеттері оқырманның (көрерменнің) көз алдында өрбіп, көз алдында дамиды. Бұл кейіпкерлер – мақсат-мұраттары анық, пьеса оқиғасын өрбіте алатын шиеленіске толы тағдыры бар, ішкі конфликт, психологиялық тартыс тудыра алатын әрі сол тартыстары арқылы режиссерлік интерпретация жасауға дайын тұрған  образдар. Пьеса кейіпкерлері бір емес, бірнеше адамның жиынтық бейнесі іспеттес. Кейіпкерлердің тағдырының қалай аяқталатыны беймәлім. Автор бұл шешімді оқырманға (көрерменге) қалдырып, ашық финалға барады.  Оқиға бір орында, күнделікті қайталанып жатқанымен, кейіпкерлердің образы оқырманды жалықтырмайды. Керісінше, «не болар екен?» деген алаңға салып қояды.

Автор пьесада бастапқы оқиға (жазушының бұған дейін роман жазуды бастауы), басты оқиға (кофеханадағы тағдырларға басты кейіпкердің пайымдауы, баға беруі), негізгі оқиға (әртүрлі адамдардың тағдыры) сынды драмалық шығарманың фундаменттік негізін ұмытпаған. Кескілескен ұрыссыз, ішкі тартысты күшейту арқылы оқиғаны дамытып, сабақтастыра өрбіткен. Яғни, драматургиялық жүйені бұзбай, сол арқылы камералық пьеса құрай алған.

«Капучинодағы» кейіпкерлер, олардың мінез-құлық, іс-әрекеттерінен автордың драматургия заңдылығын  білетінінен хабардар етеді. Автордың сөз саптауына қатысты ескерте кететін жайт, тіл тазалығын сақтауды назардан тыс қалдырмаса екен деген тілек.

Гүлзия Сәдуақасова, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 1 курс магистранты

Айтбаева Ақмаралдың «Капучино» пьесасы – бірнеше тағдыр мен түрлі ситуациялар арқылы қазіргі қоғамның қырларын көрсететін, метадрамалық элементтері бар камералық шығарма. Пьеса оқырманға нақты жауап бермей, керісінше, сан түрлі сұрақ қалдырады. Әсіресе, кейіпкерлердің кейінгі тағдыры, Сараның аяқ астынан жоғалуы және оның «романының» мазмұны түсініксіз күйде қалады.

Сара – толық ашылмаған кейіпкер. Оның жазушы екені, кофеханаға келіп бақылаушы рөлінде отыратыны ғана белгілі. Бұл бейне арқылы автор сырттай қарапайым көрінетін оқиғалардың астарында күрделі мағына жатқанын меңзейтіндей. Алайда Сараның әрекеттері мен «романының» мәні нақты ашылмай, негізгі сұрақ ретінде қалады. Пьесадағы «ер адам» кейіпкері де жұмбақ күйінде беріледі. Оның сыртқы сипаттары мен мінезіндегі кейбір белгілер ғана көрсетілген. Кейіпкердің толық ашылмауы – авторлық тәсіл болуы мүмкін, дегенмен бұл оқырман үшін түсінуді қиындатады.

Жас жұптың қарым-қатынасы сырттай жеңіл әрі әдемі көрінгенімен, олардың да мінсіз еместігі байқалады. Бұл арқылы автор кез келген қатынастың ішінде қайшылықтар болатынын көрсетеді. Алиюша мен Нази арасындағы диалог тұрмыстық өмірдің шынайы көрінісін ашады. Мұнда әлеуметтік мәселелер қозғалғанымен, кейіпкерлердің тағдыры біржақты баяндалып, толық тереңдетілмеген. Пьесадағы «арзан психолог» бейнесі – қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі. Автор бұл арқылы қазіргі ақпараттық кеңістіктегі үстірт кеңестер мен жалған мамандарды сынға алады. Жалпы пьеса қазіргі қоғамдағы жасандылық, сыртқы көрініс пен ішкі шындықтың сәйкессіздігі мәселесін көтереді. Дегенмен кейіпкерлердің оқиғаларының аяқталмауы және олардың толық ашылмауы оқырманға белгілі бір деңгейде түсінбеушілік тудырады.

Айнұр Ғабдулла, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Театртану мамандандыруының 1 курс студенті

Добавить комментарий