Жарқын Сәбидің «Үшеудің үні»

Жарқын Сәбидің «Үшеудің үні»

«Үшеудің үні» пьесасы қазіргі қазақ драматургиясындағы деректілікке негізделген әлеуметтік-психологиялық туындылардың бірі деп айтуға болады. Шығарма құрылымдық жағынан үш дербес монологтан тұрса да, мазмұндық және идеялық тұрғыдан тұтас драматургияны қалыптастырады. Автордың пьесаны «үн»  деп атауынан — ақ : кейіпкерлерді әрекет етуші тұлғалардан гөрі, әлеуметтік қысымның куәгері, құрбаны және айыптаушысы екенін көрсетеді. Осы арқылы пьеса классикалық диалогтық драма формасынан бас тартып, постдрамалық театр эстетикасына жақындайды, мұнда оқиға емес, тәжірибе мен травманың сөз болуы орын алады.

Пьесаның бірінші оқиғасындағы Сандуғаш бейнесі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың психологиялық қысымнан туғанын көрсетеді. Яғни, автор зорлықтың бір сәттен емес, біртіндеп манипуляция жасау арқылы орын алғанын ашып жазған. Махаббат тілінен басталатын қарым-қатынас біртіндеп бақылау, қызғаныш, агрессия, кейін ашық зорлық формасына өтеді. Сандуғаштың өзімен сөйлескен монологы арқылы оқиғаның қайғылы аяқталатынын, ерте сезімі ашылып, оған сеніп, ессіз сүйіп қалғанын аңғартады. Оны біз «Ол мені алақанына салып көтерем деп уәде берді. Шынымен көтеріп жүрді. Әдемі сөйлеп, жүрегімді жаулап алды. Мен беріле бастадым. Мен оны сүйіп қалдым. Мен оған бауыр басып қалдым»,- деген сөздерінен  Қалдыбектің арбауына еріп, шарасыз қалғанын көрсетеді. Өмірде болған бұл аянышты оқиғаны өте түсінікті және дәл жеткізе білген автордың шеберлігі деп білеміз.

Екінші  кейіпкер Ева (Мара) образы деректі  драманың элементтерімен жазылған. Мұнда жәбірленушінің өз күнделгіне жазған құпиясы арқылы, басынан кешірген интимдік зорлықтың ашық көрінісіне куә боламыз. Қазірге уақытта танысуға арналған сайттардың саны өте көп. Кім қандай оймен отыр? Кім нені жүзеге асырып жатыр? Белгісіз…

Сондай аянышты жайттың осы қоғамда, арамызда жиілеп кеткені өкінішті. Мараның танысқан Рушан атты жігітінің арам пиғылы жүзеге асты. Бірақ, осыны оқи отыра, сахналап көрсете отыра, болашақта болатын озбырлықтардың алдына тосқауыл бола алмақпыз. Оның сырласы анасы, досы болмады. Сол себепті де, арамның арбауына түсіп бейкүнә күйде жан тапсырды. Жаға ұстатар жағдайларды ашық қозғап, кеңінен тартсақ оқиға азаймағанның өзінде қыздар өздерін қорғай алатын күйге жеткізсек.

Үшінші кейіпкер – Әмина. Ол екі қызбен салыстырғанда аман қалған жәбірленуші. Мұнда заманауи медиакеңістік, әлеуметтік желі, қоғамдық реакция сияқты факторлар драматургиялық әрекеттің бір бөлігіне айналады. Кейіпкердің өзінің басынан өткен зорлығын  жария етуі – қоғамға «cancel culture» ұғымын енгізді.

Үш кейіпкердің аппақ киімде берілуі көпқабатты символикаға ие: бір жағынан тазалық пен кінәсіздік, екінші жағынан өлім мен жоқтықтың белгісі. Тақырыптық тұрғыдан алғанда, «Үшеудің үндері» пьесасы тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін жеке оқиға деңгейінен шығарып, қоғамдық дискурсқа айналдырады. Автор көрерменге дайын моральдық қорытынды ұсынбайды, керісінше сұрақтар қояды және жауапкершілікті аудиторияның өзіне жүктейді. Бұл тұрғыда шығарма қазіргі әлеуметтік театрдың негізгі функцияларын орындайды: ақпараттандыру, сезіндіру және рефлексияға итермелеу.

Шеріхан Ұлпан, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4 курс студенті

«Үшеудің үні» — қазіргі қоғамдағы ең өзекті мәселелердің бірі — тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбын көтерген терең мағыналы, психологиялық драмалық шығарма. Автор бұл туындысында үш түрлі әйел тағдырын қатар өрбіте отырып, әйелдердің ішкі жан дүниесін, күйзелісін, үміті мен күресін шынайы жеткізеді. Шығарма құрылымы ерекше: үш бөлімнен (үш «үннен») тұрады. Әр бөлімде бір әйелдің өмірі баяндалады — Сандуғаш, Ева (Мара), Әмина. Бұл кейіпкерлердің тағдыры әртүрлі болғанымен, бәрін біріктіретін ортақ нәрсе — зорлық-зомбылық пен соның салдары. Бірінші бөлімдегі Сандуғаштың оқиғасы махаббаттан басталып, қорқыныш пен трагедияға ұласады. Алғашында сүйіспеншілікке сенген қыз уақыт өте келе психологиялық және физикалық қысымға ұшырайды. Автор оның ішкі монологтары арқылы әйелдің өзін-өзі алдауы мен үміттенуін дәл көрсеткен.

Екінші бөлімдегі Ева тағдыры одан да ауыр. Оның оқиғасы өліммен аяқталады. Күнделік формасында берілген бұл бөлім ерекше әсер қалдырады. Қарапайым жазбалардың артында үлкен қайғы мен қорқыныш жатқанын оқырман біртіндеп сезінеді. Бұл бөлім қоғамдағы қатыгездіктің шегін көрсетеді. Ал үшінші бөлімдегі Әмина — үміттің символы. Ол зорлықты жасырып қалмай, ашық айтып, әділдікке қол жеткізеді. Бұл бөлім қазіргі қоғамдағы өзгерістерді, әйелдердің өз құқықтарын қорғауға деген ұмтылысын көрсетеді. Шығарманың басты ерекшелігі тілінің қарапайымдылығы мен шынайылығы. Қайталанатын сөздер, қысқа сөйлемдер, үнсіздік сәттері оқырманға ерекше эмоциялық әсер береді. Әсіресе «үнсіздік» арқылы автор ауыр жағдайларды сөзсіз жеткізе білген.

Бұл туынды оқырманды бейжай қалдырмайды. Ол тек бір адамның емес, бүкіл қоғамның мәселесін көтереді. Автордың негізгі ойы —  зорлық-зомбылыққа қарсы тұру, үнсіз қалмау және адам өмірінің құндылығын түсіну. Қорытындылай келе, «Үшеудің үні» — тәрбиелік мәні зор, қоғамға ой салатын маңызды шығарма. Ол әрбір адамды ойлануға, әсіресе әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесіне бейжай қарамауға шақырады.

Нұрдәулет Әсіпбай, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Театртану мамандандыруының 1 курс студенті

Добавить комментарий