Пьесаның алғашқы жолдары мен прологы, бұған дейін қыздың басынан белгілі бір жайттың өткенінен және сол оқиғаның қыздың жан-дүниесін төңкеріп кеткенінен хабар береді. «…Менің сапарым осылай басталды…» кейіпкердің ішкі әлеміне, сезімдері мен ойларына, сағынышына сапары солай басталған. Оқиғаның ары қарай шиеленісуін автор «Ең әуелі сөз болған» дейтін философиялық тіркеспен байланыстыра дамытады. Пьесадағы құс, ай –символдық мән беретін, сөйлемейтін, үнсіз кейіпкерлер. Қазақ танымында Ай сұлулық пен нәзіктіктің, уақыт пен ырғақ өлшемінің, сезім мен сағыныштың, мұңның куәсі, адамның жан дүниесінің айнасы сынды бірнеше мәнге ие, өзіндік қасиеті бар эстетикалық, мифологиялық, рухани символ. Қазақ әдебиетінде бұған дейін аймен сырласқан, айға мұңын айтқан кейіпкерлер баршылық. «О, жарық Ай, мүсіркеме, сен мені» дейтін Ләйлә, Айға мұңын шағатын Айша…» Автор кейіпкердің сағынышын, жалғыздығын айға шаққан мұңы арқылы жеткізіп, Ләйлә, Айша сынды кейіпкерлер қатарына өзінің Қызын қосады. Кейіпкердің атын Қыз деп қана қалдыруы арқылы автор анасынан айырылған әрбір қыздың, әрбір жанның жан-дүниесінен шыққан ішкі дауысын жеткізгендей әсер қалдырады. Кейіпкердің нақты аты жоқ…ол мүмкін мен, мүмкін сіз… Ет жақынынан айырылған жанның аспанға қарауы, аспаннан демеу іздеуі – шексіздіктен жұбаныш табуға ұмтылатын психологиялық іс-әрекет.
Автордың сөз саптауынан жеңіл де емес, ауыр да емес, ойландыратын поэтикалық сипат, поэтикалық өрнек аңғарылады. Оқып отырып, сезіндіре алады, сезіміңді оятады. Кейіпкердің ішкі жан-дүниесін егжей-тегжейлі ашуға мүмкіндік беретін пьеса, монодраманың сипатына, ерекшелігіне толық жауап бере алады. Автор жаңару мен қайта түлеудің символы болған көктемді, көктемде келетін Наурызек құсын басты назарда ұстағандықтан, ағыл-тегіл жан-дүниесінің қатпарын ақтарғаннан кейінгі жаңа өмірге талпыныс, үміт сияқты сенім-сезіммен сөз соңын қорытындылауы керек пе еді… деген ұсыныс-пікіріміз бар. Ет жақынынан айырылған жандардың сағыныш мәңгі серігі екені анық. Дей тұрғанмен, әкең үшін де, анаң үшін де өмір жалғастырып, үміт ету – өмірдің жазылмаған заңдылығы секілді. Осы тұрғыда оқырман, көрерменге үміт деген сезімнің ұшқынын жағып кету маңызды.
Гүлзия Сәдуақасова, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 1 курс магистранты
Аманжол Ақжанның «Тағы да көктем немесе Наурызек» атты моноспектаклі ішкі монолог пен символикалық бейнелер арқылы өрілетін психологиялық шығарма. Шығарманың негізгі өзегі – анадан айырылу трагедиясы және соның салдарынан туындаған ішкі бос кеңістік. Басты кейіпкер – Қыз тек жеке тағдырдың иесі ғана емес, ол жоғалтудың, сағыныштың, еске алудың әмбебап символына айналады. Оның сөзі жалаң баяндау емес, үздіксіз ізденіс, өзін-өзі тану процесі. Пьесаның құрылымы жыл мезгілдері арқылы берілген. Көктем – балалықтың, ананың жылуының символы болса, жаз – трагедияның, жоғалтудың уақыты. Күз – жалғыздық пен үнсіздіктің кезеңі, ал қыс – ішкі тоңу мен сағыныштың шегі. Осы цикл арқылы автор өмірдің табиғи айналымын және адамның психологиялық күйін суреттейді. Соңындағы қайта оралған көктем – үміттің, қалыптасудың ишарасы.
Наурызек құсы пьесадағы ең маңызды символдардың бірі. Ол балалықтың, анамен байланыстың, қайта тірілетін үміттің бейнесі. Құстың бейнесін біртіндеп салып шығу процесі Қыздың ішкі әлемін қайта құрастыруымен үндес. Әсіресе соңғы көріністегі қимыл мен пластика арқылы құсқа айналу – кейіпкердің трансформациясын көркем жеткізетін әсерлі сахналық шешім. Тілдік тұрғыдан шығарма поэтикалық қуатымен ерекшеленеді. Мәтін өлең мен прозадан құрылған. Ай, дән, жарық, дыбыс секілді образдар жүйесі философиялық астар қалыптастырады. Әсіресе «Сөздің оянуы» туралы пролог – бүкіл пьесаның метафизикалық іргетасы іспетті. Дегенмен, кей тұстарда мәтіннің шамадан тыс поэтикалылығы қабылдауды күрделендіруі мүмкін. Оқиғалық нақты тіректердің аздығы кей көрермен үшін түсінуді қиындатуы ықтимал. Бірақ бұл – автордың саналы таңдауы, себебі шығарма рационалды қабылдаудан гөрі, эмоционалды және интуитивті сезінуге бағытталған. «Тағы да көктем немесе Наурызек» – жоғалтудың, сағыныштың және қайта жаңғырудың көркем әрі терең интерпретациясы. Бұл пьеса – жеке адамның трагедиясы арқылы жалпыадамзаттық сезімдерді қозғайтын, көрерменді ойлануға және өз ішіне үңілуге шақыратын сахналық туынды.
Нарқыз Қанатқызы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театртану» мамандығының 3-курс студенті
Әр адамның өмірінде Анасы басты орында. Адам қай жаста болса да оған деген сағыныш сезімі өзгермейді. Сол сағынышты сезіндіретін шығарма — Ақжан Аманжолдың «Тағы да көктем немесе Наурызек» пьесасы.
Пьеса прологында «Адам өзі көміп тастағанын қайта қазғанда, Жер ұйқысынан оянады» — деп алда мұң мен сағынышқа толы баяндалатын оқиғаның басын ашады. Пьеса жылдың төрт мезгілін сипаттай отырып, сағынышпен көркем өрнектелген естелік.
Пьесадағы кейіпкер саны біреу болғанымен, оның қағаз бетіне салатын құс суреті мен ол сырласатын айдың сұлу келбеті ерекшеленген тағы басқа бейнелер әлемі, кейіпкердің оралмасқа кеткен сырласы, сағынышы, жұбанышы болып елестейді. Автор кейіпкерін сурет салу барысында сағыныштың құрсауынан босатады. Балалық шақтағы сәтті баяндаудан басталған сурет соңында кейіпкердің өзін-өзі құтқаруына талпынысына дейін жеткенмен, шешімін таппайды. Пьеса басындағы көктемнің көркем бастауы төрт мезгілді өткеріп келесі көктемге ауысқанда мүлде өзгеше сезім туады. Анадан айрылған соң көктем шуақты, жаз да бұрынғыдай жайдары емес. Шығарманың тілі ерекше, поэтикалық иірімге толы. Автор кейіпкер тағдырын өз басында өткендей шынайы, әрі тәтті жеткізе білген. Осы арқылы оқырманды бірге толғандырады. «Менің сөздермен сурет салғым келеді». Автор өз мақсатына жеткен секілді.
Толғанай Жастлекқызы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Театртану мамандандыруының 1 курс студенті
