Әлібек Байболдың «Аспан. Жер. Әлем»

Әлібек Байболдың «Аспан. Жер. Әлем»

Қазақстандағы заманауи драма өнері сюрелизм, фантастика мен абсурд секілді түрлі жанрлармен сабақтаса отырып, психология, жаратылыс, әлемнің пайда болуы секілді тақырыптарды қаузап жатады. Тіпті, қазіргі драматургтердің қиял-ғажайыпқа толы, утопиялық, аңғал сюжеттерде қалам тербеуі-тенденцияға айналып кеткендей.
Аталмыш пьесадағы Жер мен Ғаламның пайда болуы, Еркек пен Әйелдің арасындағы алғашқы байланысты суреттеп, тіршіліктің қайта жандануының қайнар көзіне сапар шектіргендей.
Шығарманың басталуынан-ақ, өң мен тұстің арасында, бейсаналы әлемде орын алған оқиғалар тізбегі кез-келген оқырманды сұрақтар астына қалдыруы сөзсіз. Мұндай фантасмагориялық драмада автордың идеясын көру де қиынға түспек. Еркек пен Әйелдің бөшке-құрсақта пайда болып, кейіннен ауыз, көз, мұрын секілді мүшелері жетілуі, толыққанды адам қалпына келуі, бір-бірімен алғашқы тілдесудегі талпыныстар- ананың құрсағынан бастау алатын өмір тізбегін суреттейтіндей. Пьесадағы Әйелдің жүктілігінен соң, оның темірге жерік болып, әлемде машиналар, роботтар, техниканың пайда болып, эволюцияның алға жылжуы- тарихтағы жаңалықтар бірінші кезекте Әйелдердің қалауынан туған дүние деген идеяны символикалық түрде жеткізгендей.
Мұндай шығармалар абсурдтық, сюреалитсік жанрда болғанымен, пьеса құрылымын сақтай білуі тиіс. Экспозиция, оқиғаның дамуы, кульминация, оқиғаның шешімі бұл шығармада айқын көрінбейді, сондықтан да, автордың басты идеясы да бұлыңғар. Адамдар арасындағы бітпейтін қақтығыстар мен оның салдарын, түрлі метафораға толы шығармада әр оқырман түрлі қабылдауы да белгілі.
Пьеса пластикаға негізделгендіктен, театрда режиссерлық шешім басымды болып, актерлық ойынға еркіндік беріледі. Мұндай іс-әрекетке негізделген шығармаларда жұмыс істеу жас буын актерлерге пластиканы шынықтырып, фантазияны дамытуға мүмкіндік береді.
Пьеса соңында қазақ әдебиетінде өлеңдері өзгеше мәнер мен ерекше сипатқа ие болған Тыныштықбек Әбдікәкімұлының өлең шумақтары жазылған. Шығарма желісіне нақтылық беріп, Ер мен Әйел арасындағы нәзік сезімді осы өлең шумақтары айшықтай түскен.
Қорыта айтсақ, автор Әлібек Байбол өз пьесасының жанрын пластикаға негізделген сюрреализмдік, фантасмагориялық деп айқындап берген. Жалпы, әлемдік бейнелеу, кино, театр тарихындағы XX ғасырдың 20-60 жылдарында танымалдылыққа ие болған авангардтық бағыттағы сюрреализм, абсурд жанрлары бүгінгі күні ұлттық заманауи драматургиямызда белең алуының себебі неде? Европа елдерінде мұндай жанрлар шынайы өмірден, реализмнен алшақтату үшін қолданылса, бүгінгі қазақ театр өнеріне мұндай тенденция қаншалықты қажет? Бүгінгі күннің өзекті мәселелері драматургияда өз деңгейінде жазылып жүрмегенін ескерсек, қиял-ғажайыптан құралған пьесалардан, дәйекті жазылған, шынайы оқиғаларға негізделген, өткір тақырыптарды батыл қозғайтын уақыт жетті деп білеміз.

Рано Назарова, театртанушы, 1-курс магистранты

Добавить комментарий