Ақжан Аманжолдың «Тағы да көктем немесе Наурызек»

Ақжан Аманжолдың «Тағы да көктем немесе Наурызек»

Пьесаның алғашқы жолдары мен прологы, бұған дейін қыздың басынан белгілі бір жайттың өткенінен және сол оқиғаның қыздың жан-дүниесін төңкеріп кеткенінен хабар береді. «…Менің сапарым осылай басталды…» кейіпкердің ішкі әлеміне, сезімдері мен ойларына, сағынышына сапары солай басталған. Оқиғаның ары қарай шиеленісуін автор «Ең әуелі сөз болған» дейтін философиялық тіркеспен байланыстыра дамытады. Пьесадағы құс, ай –символдық мән беретін, сөйлемейтін, үнсіз кейіпкерлер. Қазақ танымында Ай сұлулық пен нәзіктіктің, уақыт пен ырғақ өлшемінің, сезім мен сағыныштың, мұңның куәсі, адамның жан дүниесінің айнасы сынды бірнеше мәнге ие, өзіндік қасиеті бар эстетикалық, мифологиялық, рухани символ. Қазақ әдебиетінде бұған дейін аймен сырласқан, айға мұңын айтқан кейіпкерлер баршылық. «О, жарық Ай, мүсіркеме, сен мені» дейтін Ләйлә, Айға мұңын шағатын Айша…» Автор кейіпкердің сағынышын, жалғыздығын айға шаққан мұңы арқылы жеткізіп, Ләйлә, Айша сынды кейіпкерлер қатарына өзінің Қызын қосады. Кейіпкердің атын Қыз деп қана қалдыруы арқылы автор анасынан айырылған әрбір қыздың, әрбір жанның жан-дүниесінен шыққан ішкі дауысын жеткізгендей әсер қалдырады. Кейіпкердің нақты аты жоқ…ол мүмкін мен, мүмкін сіз… Ет жақынынан айырылған жанның аспанға қарауы, аспаннан демеу іздеуі – шексіздіктен жұбаныш табуға ұмтылатын психологиялық іс-әрекет.

Автордың сөз саптауынан жеңіл де емес, ауыр да емес, ойландыратын поэтикалық сипат, поэтикалық өрнек аңғарылады. Оқып отырып, сезіндіре алады, сезіміңді оятады. Кейіпкердің ішкі жан-дүниесін егжей-тегжейлі ашуға  мүмкіндік беретін пьеса, монодраманың сипатына, ерекшелігіне толық жауап бере алады. Автор жаңару мен қайта түлеудің символы болған көктемді, көктемде келетін Наурызек құсын басты назарда ұстағандықтан, ағыл-тегіл жан-дүниесінің қатпарын ақтарғаннан кейінгі жаңа өмірге талпыныс, үміт сияқты сенім-сезіммен сөз соңын қорытындылауы керек пе еді… деген ұсыныс-пікіріміз бар. Ет жақынынан айырылған жандардың сағыныш мәңгі серігі екені анық. Дей тұрғанмен, әкең үшін де, анаң үшін де өмір жалғастырып,  үміт ету – өмірдің жазылмаған заңдылығы секілді. Осы тұрғыда оқырман, көрерменге үміт деген сезімнің ұшқынын жағып кету маңызды.

Гүлзия Сәдуақасова, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 1 курс магистранты

Добавить комментарий