Кофеханада басқосатын түрлі кейіпкерлердің тағдырынан құралған пьеса, әртүрлі әлеуметтік тақырыптарды бір арнада тоғыстыруымен маңызды. Кофеханадағы ғашықтар – қыз бен жігіттің, екі әлемде өмір сүретін қос құрбының, бір күннің бірнеше сағатын бірге өткізетін қызметтестер – бариста мен даяшының, ерлі-зайыптылар мен арзан психологтың іс-әрекеттері оқырманның (көрерменнің) көз алдында өрбіп, көз алдында дамиды. Бұл кейіпкерлер – мақсат-мұраттары анық, пьеса оқиғасын өрбіте алатын шиеленіске толы тағдыры бар, ішкі конфликт, психологиялық тартыс тудыра алатын әрі сол тартыстары арқылы режиссерлік интерпретация жасауға дайын тұрған образдар. Пьеса кейіпкерлері бір емес, бірнеше адамның жиынтық бейнесі іспеттес. Кейіпкерлердің тағдырының қалай аяқталатыны беймәлім. Автор бұл шешімді оқырманға (көрерменге) қалдырып, ашық финалға барады. Оқиға бір орында, күнделікті қайталанып жатқанымен, кейіпкерлердің образы оқырманды жалықтырмайды. Керісінше, «не болар екен?» деген алаңға салып қояды.
Автор пьесада бастапқы оқиға (жазушының бұған дейін роман жазуды бастауы), басты оқиға (кофеханадағы тағдырларға басты кейіпкердің пайымдауы, баға беруі), негізгі оқиға (әртүрлі адамдардың тағдыры) сынды драмалық шығарманың фундаменттік негізін ұмытпаған. Кескілескен ұрыссыз, ішкі тартысты күшейту арқылы оқиғаны дамытып, сабақтастыра өрбіткен. Яғни, драматургиялық жүйені бұзбай, сол арқылы камералық пьеса құрай алған.
«Капучинодағы» кейіпкерлер, олардың мінез-құлық, іс-әрекеттерінен автордың драматургия заңдылығын білетінінен хабардар етеді. Автордың сөз саптауына қатысты ескерте кететін жайт, тіл тазалығын сақтауды назардан тыс қалдырмаса екен деген тілек.
Гүлзия Сәдуақасова, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 1 курс магистранты
