Айжан Изимованың «Жоғалту»

Айжан Изимованың «Жоғалту»

Айжан Изимованың «Жоғалту» пьесасы –  адамның ішкі әлеміне үңілетін, психологиялық-философиялық сипаттағы туынды. Шығармада автор сыртқы әрекеттен гөрі адамның жан дүниесіндегі нәзік күйзелістерді, үнсіз қайшылықтарды алдыңғы қатарға шығара отырып, бүгінгі қоғамда жиі кездесетін құбылыс – жеке тұлғаның өз болмысынан біртіндеп алыстауын көркем бейнелейді. 

Пьесаның оқиғасы сырттай қарағанда қарапайым тұрмыстық көріністерден бастау алады. Үй ішіндегі күнделікті тіршілік, ерлі-зайыптылардың қысқа да салқын диалогтары бір қарағанда үйреншікті өмір ырғағын көрсеткендей әсер қалдырады. Алайда осы қарапайым әңгімелердің астарында эмоционалдық алшақтық, ішкі үнсіздік жатыр. Кейіпкерлер бір-бірімен сөйлескенімен, шын мәнінде бірін-бірі толық естімейді. Қайталанып отыратын «өзің біл», «артық сұрақ қойдым, кешір» секілді репликалар олардың қарым-қатынасының біртіндеп формалданып кеткенін аңғартады. 

Шығармадағы негізгі желі Әйелдің өз-өзімен сырласуы арқылы өрбиді. Бұл сырласу оның жас шағындағы бейнесі – Қыз кейіпкері арқылы жүзеге асады. Қыз – нақты адамнан гөрі, кейіпкердің ішкі еркіндігі мен ұмыт қалған армандарының көрінісі. Осы екі бейне арасындағы диалог арқылы пьесаның өзегі айқындала түседі: бір жағында қоғам қалыптастырған талаптарға бейімделген Әйел тұрса, екінші жағында сол талаптарға сыймайтын, шынайылықты аңсайтын Қыз бар.

Композициялық тұрғыдан пьеса эпизодтар арқылы біртіндеп тереңдей түсетін құрылыммен өрілген. Алғашқы көріністерде күнделікті өмірдің бірсарынды ағысы көрсетілсе, кейінгі бөлімдерде кейіпкердің ішкі күмәні мен толғанысы анық сезіледі. Оқиға дамыған сайын Әйелдің «бәрі дұрыс» деген сенімі мен ішкі мазасыздығы қатар өрбіп, бір-біріне қайшы келе бастайды. Әсіресе Қызбен ашық сөйлесетін тұстарда бұл қайшылық айқынырақ байқалады. Шарықтау сәтінде кейіпкер өз өміріне сырттай қарауға тырысып, бұрынғы армандарынан қаншалықты алыстап кеткенін аңғара бастайды.

Пьесаның шешімі де біржақты емес. Соңғы көріністерде нақты түйін жасалмай, кейіпкердің ішкі күйі ашық күйінде қалады. Айна сынғанымен, Қыз бейнесінің жоғалмауы – оның жан дүниесіндегі сұрақтардың әлі де толық шешілмегенін білдіреді. Бұл шешім көрерменді ойға қалдырып, әркімге өз жауабын іздеуге мүмкіндік береді.

Туындының тақырыптық арқауы – адамның қоғамдағы орны мен жеке болмысының арақатынасы. Шығармада «дұрыс өмір сүру», «міндет», «бақыт» секілді ұғымдар кейіпкердің ішкі сезімімен салыстырыла отырып беріледі. Бір қарағанда бәрі реттелген, тыныш өмір сияқты көрінгенімен, кейіпкердің ішінде түсіндіре алмайтын бос кеңістік бар екені сезіледі. Бұл күй қазіргі қоғамдағы көптеген адамдарға таныс жағдай ретінде қабылданады.

Драматургиялық тұрғыдан пьесаның басты ерекшелігі – сыртқы әрекеттің аздығы мен ішкі процестің басымдығы. Автор қарапайым тұрмыстық тіл арқылы күрделі психологиялық жағдайды жеткізеді. Диалогтардағы қайталанымдар, қысқа жауаптар, аяқталмай қалған ойлар кейіпкерлердің бір-бірінен ғана емес, өздерінен де алыстап кеткенін байқатады. Сонымен қатар символикалық детальдар да маңызды рөл атқарады. Айна – өзін көру мен өз-өзінен жатсынудың белгісі ретінде көрінсе, қызыл көйлек – кейіпкердің бұрынғы еркін, батыл болмысының ишарасы іспетті. Ал Мона Лиза бейнесі – кейіпкердің ішкі күйінің екіұштылығын, өз сезімін өзі толық түсіне алмауын аңғартады.

Осы тұста драматургтің шығармашылық қолтаңбасы айқынырақ көрінеді. Айжан Изимова драматургиялық әдіс ретінде ішкі монолог пен диалогты астастыра отырып, кейіпкердің жан дүниесін сыртқы әрекетсіз-ақ ашуға ұмтылады. Қарапайым тұрмыстық әңгімелердің өзіне терең мағына жүктей білуі – автордың тілдік дәлдігі мен сезімдік нәзіктігін аңғартады. Қыз бейнесін енгізу арқылы ол кейіпкердің ішкі «Менін» сахналық деңгейге шығарып, көрерменге көзге көрінбейтін ішкі тартысты сезіндіре алады.

Сонымен қатар қайталаным тәсілін қолдану арқылы драматург кейіпкерлердің өмір сүру ырғағын, ойлау жүйесін, тіпті эмоциялық күйін де көрсетеді. Бұл тәсіл кей тұстард бірсарынды әсер қалдыруы мүмкін, алайда дәл осы бірсарынды құрылым арқылы тұрмыстың механикалық сипаты анық байқалады. Автордың символдарға жүгінуі де табиғи көрінеді: олар оқиғаға сырттан таңылған емес, кейіпкердің ішкі әлемінен туындайтын бейнелер ретінде қабылданады.

Драматургтің тағы бір ерекшелігі – кейіпкерлерді біржақты бағаламауы. Әйел бейнесінде әрі түсінуге болатын, әрі ойлануға итермелейтін тұстар қатар жүреді. Оның таңдауларында тұрақтылыққа ұмтылыс бар, бірақ сол тұрақтылықтың ішінде өзін жоғалтып алу қаупі де сезіледі. Еркек бейнесі де айқын қарсы кейіпкер ретінде берілмейді, ол да өз деңгейінде қалыпты өмірді сақтауға тырысатын тұлға. Осылайша шығармада нақты «кінәлі» немесе «дұрыс» тарап айқындалмайды, бұл да туындының өмірге жақындығын арттыра түседі.

Кейіпкерлер жүйесі ықшам болғанымен, мазмұндық тұрғыдан салмақты. Әйел – қоғам ұсынған қалыпқа бейімделген тұлға, тәртіп пен үйлесімді сақтауға тырысатын бейне. Қыз – оның ұмыт қалған еркіндігі мен ішкі дауысы. Еркек – өмірдің қалыпты ағысына қанағаттанатын, терең өзгеріске ұмтыла бермейтін типтік образ. Осы үш бейне арқылы автор тұрмыстық өмірдің сыртқы тұрақтылығы мен ішкі мазмұнының әрдайым сәйкес келе бермейтінін аңғартады.

Пьесаның сахналық мүмкіндіктері де назар аударарлық. Минималистік кеңістік, жарық пен көлеңке, айна арқылы берілетін бейнелер, пластикалық шешімдер – барлығы қойылым барысында терең мағына үстей алады. Әсіресе Қыз бен Әйел арасындағы қарым-қатынасты визуалды және пластикалық тілмен беру спектакльдің әсерін күшейтуі ықтимал.

Жалпы алғанда, «Жоғалту» – сыртқы әрекеттен гөрі ішкі күйге құрылған, ой салатын шығарма. Ол көрерменге дайын жауап ұсынбайды, керісінше, әр адамның өз өміріне, өз таңдауларына бір сәт сырттай қарауына мүмкіндік береді. Шығармада кейіпкердің әрекеттері біржақты бағаланбайды: оның таңдауларында түсінуге болатын тұстар да, күмән тудыратын сәттер де бар. Осы тұрғыдан алғанда, пьеса адам болмысының күрделілігін жұмсақ, бірақ әсерлі түрде жеткізеді.

Шырын Санатқызы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  “Өнертану” факультетінің 2 курс магистранты

Кейде біз бәрін дұрыс істеп жүргендей боламыз. Әйел адамның міндеті ретінде: Үй таза, тамақ дайын, ешкіммен ұрсыспайсың, ешкімнің тірлігіне араласпайсың. Түптеп келгенде дос-жарандар тұрмақ жақын туысын іздеп, жолығудан қалды қәзіргі кезде. Заманның ағымына қарай кез-келген затқа қол жеткізу оңай. Бәрі бар сияқты. Бірақ, бір нәрсе жетіспейді. Өзіңді жоғалту бір сәтте болмайды. Бастапқыда адам бақыттымын дейді. Бірақ соған іштей күмәнданады. Себебі, біз кезде арман болды, дауыс болды, жеке «Мені» болды. Кей сәтте күлуі де мүмкін. Бірақ не үшін күліп тұрғанын білмейді. Барлығына ыңғайлы, жайлы болуы мүмкін. Тек өзіне емес. Ең өкінштісі әрі қорқыныштысы: адамның өзін-өзі жоғалтып жатқанын байқамауы. Айжан Изимованың пьесасында осы тақырып айқын, анық етіп жазылған. Жекелеп алып қарайтын болсақ, әйел – қоғам қалыптастырған «Правильный» адам. Қыз – шынайы «Я»-сы, арманы, еркіндігі. Еркек – немқұрайылық пен автоматты өмір символы. Символ демекші, қызыл көйлек – еркіндік пен батылдықты көрсетер болса, телефон арқылы бос, мәнсіз өмірін көре аламыз.

Оралхан Бөкейдің «Атау кере» романымен айтар болсақ. «Неге біз осы… итжандымыз, басқа қаңқ еткізіп теуіп жіберсе де қыңсылаған күйі «иеміздің» етегіне оралып, аяғын жалаймыз?».

 «Неге біз осы көр соқырдай қалай жетелесе солай ере береміз…? Сүю дегеніміз – сол сүйген адамыңның ғұмырын кешу, деп бір данышпан сәуегейсіпті… Ал, кештім… Ақыры не болды? Осылай аяқталмақ. Жо-жоқ. Сүю дегеніміз – әсте де сүйген кісіңнің құлы болу емес… емес… емес… Менің Ерікпен өткізген он жылым күң болумен өтіпті…» дегендей —неге әйел адам осы біреуді сүйер болса, не болмаса басқалардың бақыты үшін немесе ыңғайы үшін өзін шетке сырып, өзін жоғалтады?

Айдана Асқар, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Театртану мамандандыруының 1 курс студенті

Добавить комментарий