Бір оқығанда күнделікті тұрмыс-тіршіліктен ары тақырыпты қозғай алмайтындай жеңіл ұғым. Тіпті, қарапайым зат. Драматург осы бір кейіпкер-терезе арқылы адам болмысының қатпарларын ашып, қоғам тынысына үңілдіреді. Тіршілік таралғалы теңелмеген терезелер, қараңғыда ғұмыр кешіп, ай жарығын «күн сәулесі» деп ойлап жүрген тобыр санасы. Терезе алдында бәріміз де «теңбіз» дейміз. Ендеше, күллі қоғам неліктен өз теңдіктерін таба жүр? Бала көтеріп тұрған медбике, мүгедек адам, қыз бен жігіт сынды түрлі тағдырлар арқылы алдымен қалыпты күйінен өзгермейтін қоғамды, сосын адамның ішкі күйін, жүрек пен сезімін таластырады. Терезе артындағылар кім? Ескі терезелерді жаңа терезелер ауыстыра ала ма? Оқырманға ой салар тақырыптың бүгінгі заманмен үндестігі талас тудырмайды. Драматургиялық заңдылықтардан аз-кем алшақ кеткенімен жаңа драма жанрындағы туындының өміршеңдігі, бүгінгі қоғамның дауыстап айтқысы келер сөздерін бір деммен оқисыз. Тік айтуға тіл жетпейтін, астарлап айтуға ақыл, кейде шыдам жетпейтін қоғам шындығы өткір тіркес, пәлсапалық көзқараспен көмкерілген. Негізгі идея бар болғанымен, драматургияның басты қағидасы — тартыс кемшін. Автор ремаркалары қарапайым кейіпкер ойларын толықтыра түсіріп, суреткер ретінде ғана емес, азамат ретіндегі көзқарасын да жеткізіп қалады. Бұл — биікке ұмтылу емес, тереңдікке бойлай білу. Ішкі-сыртқы күйді дөп шертер заманауи пьесаның оқылым үшін де, сахна үшін сұранып тұрғаны анық. Пьесадағы соңғы реплика: «Заман ауысқанда заманауи құндылықтар алмасады, бірақ кісілік қасиет ешқашан өзгермейді». Ол уақыт еншісінде.
Бейбіт Әлкеева, Алматы Мемлекеттік қуыршақ театрының баспасөз қызметкері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, «Өнертану» мамандығы 1 курс магистранты