Аманжол Қазыбектің комедиялық жанрда жазылған «ТуК-МаР Қонақ үйі» атты пьесасының сюжеті еріксіз езу тартқызатын сөздер мен қызықты көріністерге құрылған. Шығармада алаяқ екі кейіпкер: қонақ үй қызметкері, басшысы әрі тазалықшысы Тукмар мен тек баюды мақсат еткен Розалина Бейкердің әрекет-диалогтары ғана орын алған.
Бірінші әрекет қонақ үйіне көптен бері ешкім келмей қаражат жағынан қысылған Тукмардың өзінің қонақ үйін мақтай жөнелуімен басталады. Негізінен автордың қонақ үйдің ресепшні, иесі әрі қызметкері деп суреттеуінен-ақ Тукмардың сараңдығы байқалады. Онда қызметкерлерге ақы төлеуден гөрі барлық жұмысты өзі жасап, шығын шығармау ниеті басым.
Қонақ үйге Розалина Байкер келгенде де түпкі ойында тұрған ақша мәселесін шешуді ұтымды пайдаланған Тукмардың сөздері оның сасқалақтаған әрекетімен әдемі келіскен. Оның әйелге көптен бері ешкім келмеген қонақ үйде бос орынның жоқтығын аса қиналыспен жеткізуі де қисынға негізделіпті. Яғни, бұл жердегі Тукмардың мақсаты – олжаға кенелу болып отыр.
Сол сияқты пьесадағы Розалина Бейкердің де көздегені – оңай олжа табу, мүмкіндігі келсе қалталы азаматтарды пайдалану. Ол ақша ұсыну арқылы Тукмар мақтаған ер-азаматтардың шендерін, атақ-даңқын сұрап-білуде қысылмайды да. Тіпті қонақ үй иесіне жігіттердің алдында өзінің көйлегін мақтауды тапсыруды да ұмытпайды. Жалпы Тукмар мен Розалинаның диалогынан екеуінің ішкі дүниесіндегі бір-бірінен пайда көру, бір-біріне күле отырып, үлкен байлыққа қол жеткізу пиғылын анық байқай аламыз.
Ал, екінші көріністе қонақ үйдің бөлмесінде оңаша қалған Розалинаның түпкі ойы одан әрі айқындала түседі. Әйелдің генералдан марқұм күйеуінің құмар ойынында батқан қарыздарын қайтаруға көмектесуін өтінуі, сол генералдың нәзік әйелдің бұл тілегін орындауға ықыласты екендігі, қайырымдылық қорында жұмыс жасайтын әйелмен қызметтес болуға ниетті банкирдің сұлу сөздері, журналистке үнемі мақаласын оқып тұратындығын айтып, оған сырттай ғашық жанның кескінін беруі, сол журналистің роліндегі Тукмардың өзіне тұрмысқа шығуға тең еместігін байқатып, қарсылық білдірген әйелдің алдында Лондондағы бай әкесінен ақша алдыртатынын айтуы, ақыры балықшымен билегенде оның мұртының Розалинаға жабысып қалуы сияқты бірінен кейін бірі жалғасын тауып отыратын күлкілі диалог-әрекеттерде жүйелілік бар.
Жалпы шығарманың идеясы өзекті. Бүгінгі уақытта жаһанды жайлаған капитал мәселесі әрбір адамның психологиясын жаулап алғандығы жасырын емес. Бұл – қоғамдық індет. Рухани байлықтан гөрі қалта байлығы алға шыққан уақытта сол тоғышар психологияның қазақ жұртын да дендеп бара жатқанына куә болып жүрміз. Ақша табу жолында кездескеннің барлығын алдап, қалтасына қол сұғу қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Демек, өмірге деген көзқарасы, таным-түсінігі бір-біріне сай Тукмар мен Розалинаның сөз-әрекеттерінде бүгінгі күннің бейнесі бар. оРо
Бір айта кетерлігі – автор соқыр генерал Шпильбергті, банкир Мусье Джерарды, журналист Люкті, балықшы Джонды қатысушы кейіпкерлер ретінде алып, оларды «Елестер» топтамасына жатқызған. Алайда олардың пьесада сөздері де, қимылдары да жоқ: біріншіден – оқырман ертеректе марқұм болған олардың көзі тірісінде атқарған істерін Тукмардың өткенді баяндауы арқылы білсе, екіншіден – олар Розалинаның көңілін аулау, сөйтіп байлыққа бату жоспарымен сол әйелдің алдында генерал, банкир, журналист, балықшы болып көрінуі үшін қолданылады. Сондықтан оқырманға интрига тудырмай-ақ, оларды қатысушы кейіпкерлердің қатарына қоспаған дұрыс деп ойлаймын.
Жалпы алғанда алаяқтық жолмен баю, бірін-бірі (өзін-өзі) алдау оқиғалары суреттелетін пьесалар әлемдік драматургияда көптеп кездеседі. Мәселен, А.Николаидың «Табытқа дейінгі махаббат» («Любовь до гроба»), Р.Кунидің «13», т.б. сюжеттік құрылымы әртүрлі болғанымен айтар ойы бір. Демек, Қ.Аманжолдың аталған пьесасының күлдіре отырып, ойлантатын дүниелердің қатарынан орын алатыны сөзсіз.
Зухра Исламбаева,
Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, өнертану кандидаты