Драматургия әдебиеттің күрделі жанры екені белгілі. Сол себепті екінің бірі пьеса жазуға құлықты емес. Кейіпкердің мінезін ашып, оқиғаны әрекетке түзе білу сәтті драматургиялық шығарманың көрінісі. Дегенмен, соңғы жылдары жас драматургтердің саны арта түскені қуантады. Санынан бұрын сапасына тоқталар болсақ ол көрсеткіште жаман емес. Бірлі жарым пьеса жазып сәтті сахнаға қойылып жатқандарыда қаншама. Сондай драматургтердің бірі Жәнібек Әлікен. Осыдан бірнеше жыл бұрын Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында «Сыйқырлы терезе» балаларға арналған шығармасы сәтті сахналанғанына куә болдық. Осындай оңынан қойылған шығармасы автордың шабытын шалқыта түскендей артынан көп ұзамай «Құпия» қойылымына куә болдық. Ал, бүгінде біз автордың кезекті туындысы «Абайлаңыз ескерткіш!» пьесасына тоқталып өтпекшіміз.
Алматының қақ ортасында, адам көп шоғырланған жерде дәрет сындырып отырған кейіпкеріміз Бәзілдің ренішке толы сөздерінен басталатын пьеса екі ұдай ойға жетелейді. Өзінің іс-әрекетіне қарамай жалпы қазаққа сөз тигізіп отырған адам кімге болсада ұнамасы анық. Қазақ түзелу үшін әркім өзінен бастау керек екен деген ойды алға тартатын пьесаның арықарайғы оқиғасы басқаша өрбиді. Абайдың өмірі туралы, шығармаларымен байланыстырыла жазылған пьесалар жетіп артылады. Автор бұл жерде бүгінгі біздің түсінігіміз бен қабылдауымыздағы Абайды сахнаға шығаруға талпынған. Ж.Әлікен бүгінгі өскелең ұрпақ ұлықтап отырған тұлғаның шығармашылығымен қаншалықты таныс екен деген сұраққа жауап табуға талпынады. Жасыратыны жоқ бүгінде Абайды көшенің атауы ретінде білетіндеріміз қаншама… Халықаралық деңгейде мерейтойын ел болып тойлап жатқанымыз сол Абайға қаншалықты керек? Бүгінде саясат пен экономиканы айтпағанда, әлеуметтік, білім, мәдениет салаларындағы ертеңге қалдыруға болмайтын шешімін таппай отырған мәселелер шаш-етектен. Соған қарамастан біз қыруар қаржы жұмсап тойлатып жатқанымызға жол болсын. Ұлы тұлғаларды таныту мен ұлықтау жолында дұрыс шешім екеніне дауласпаймыз. Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу жолында мерейтой тойлағаннан Абайдың қалдырған асыл сөздерін дәріптеп, санасына сіңірсек тұлғамызға жасаған сыйымыз болмас па еді… Міне біз тілге тиек етіп отырған пьесаның айтар ойы осыда. Мұндағы Абайдың бұдан бұрынғы шығармалардағы кейпінен өзгешелігі осында. Мыңмен жалғыз алысқан ақынның бүгінгі ұрпағының хал-күйіне көңілі толама екен сұраққа жауап тапқыңыз келсе «Драма.KZ-2020» фестивалінің оқылымына келіп, пікір алмасуға шақырамыз. Бүгінгі Қазақстандық драматургияның аяқалысынан тысқары болмау үшін мұндай іс-шаралардың көптеп өткізіліп отыруы керек екені сөзсіз.
Айжан Ахмет,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы, өнертану магистрі , театртанушы