
ЗАМАНАУИ ДРАМАТУРГИЯНЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРУ БАЙҚАУЫ БАСТАЛДЫ!
Eurodram еуропалық театр аудармалары желісімен серіктестік аясында біз әр екі жыл сайын драматургиялық шығармалардың қазақ тіліне жасалған үздік аудармаларын іріктейміз.
«Үздік аударма» байқауы бүгін басталады! Аудармашылар мен авторлар, сіздердің мәтіндеріңізді күтеміз!
Байқаудың негізгі шарттары:
- пьесаның қазақ тіліндегі аудармасы 2017 жылдан ерте жасалмаған болуы керек;
- түпнұсқа пьеса Еуропа, Орталық Азия немесе Жерорта теңізі аймағындағы елдер және сол елдердің бірінің тілінде (оның ішінде орыс тілінде) жазылған болуы керек;
- түпнұсқа пьеса ХХ ғасырдың екінші жартысында немесе одан кейін, яғни 1950 жылдан бүгінгі күнге дейін жазылған болуы керек;
- аударма мәтіндерін аудармашылар, түпнұсқа пьесалардың авторлары (аудармашының келісімімен), баспагерлер мен агенттер ұсына алады.
Хатта аудармашы, түпнұсқа пьесаның авторы, түпнұсқа тілі және аударманың жасалған жылы туралы мәлімет көрсетілуі қажет.
Мысалы: аудармашы — Мұрат Мұратов, түпнұсқа пьесаның авторы — Мартин Макдонах («Жалғыз Батыс» пьесасы), түпнұсқа тілі — ағылшын тілі, аударма жасалған жыл — 2019.
Немесе: аудармашы — Әлия Ахмет, түпнұсқа пьесаның авторы — Флориан Зеллер («Ұл» пьесасы), түпнұсқа тілі – француз тілі, аударма жасалған жыл — 2022.
Қазақ тіліне жасалған үздік үш аударма Eurodram желісінің платформаларында және жыл сайынғы конференциясында таныстырылады. Бұл аудармалармен Еуропа, Жерорта теңізі және Орталық Азия елдерінің драматургтері, аудармашылары, режиссерлері, продюсерлері мен баспагерлері таныса алады.
Аудармаларыңызды festival@drama.kz электрондық поштасына жіберіңіздер.
Өтінім қабылдаудың соңғы мерзімі — 2026 жылғы 20 желтоқсан.
