Мария Омардың «Ласточка» пьесасы бүгінгі қоғамдағы ең ауыр, бірақ жиі айтылмайтын тақырыптардың бірі десек қателеспейміз. Кінә сезімі мен оның адам тағдырына әсерін терең психологиялық деңгейде ашатын шығарма ретінде қарастыра аламыз. Бұл туындыда автор классикалық драматургиялық желіден гөрі, ішкі монологтарға сүйене отырып, бірнеше тағдырды бір арнаға тоғыстырады. Пьесаның басты ерекшелігі Вина образы. Ол нақты адам емес, бірақ сахнадағы ең белсенді кейіпкер. Вина әр кейіпкердің жанында жүреді, оларды итермелейді, өзгеріске жетелейді. Қазіргі театрда жиі қолданылатын метафоралық тәсілдердің бірі деуге келеді. Шығармадағы Бота, Маска (ананың образы), Қарлығаш әртүрлі әлеуметтік және психологиялық жағдайларды көрсетеді. Бота бала психологиясындағы қызғаныш пен түсінбеушіліктің көрінісі. Оның әрекеттері сырт көзге қатігез көрінгенімен, түбінде махаббатқа деген мұқтаждық жатыр.
Маска қоғамдағы ауыр таңдау жасаған әйелдің символы. Ол өз шешімін ақтағысы келеді, бірақ ішкі жан дүниесінде кінәдан қаша алмайды. Карлыгаш ең трагедиялық образ. Ол кінәні қабылдап, сонымен өмір сүріп кеткен адам. Оның тағдыры арқылы автор «кінә адамды қалай әсер етеді?» деген сұраққа жауап іздейді. Пьесадағы кукла (қуыршақ) ерекше бейне. Ол тасталған, жараланған, бірақ сонымен қатар махаббатқа зәру жанның бейнесі. Әсіресе соңғы бөлімде Ақмаралдың «оны тек жақсы көру керек» деген ойы бүкіл пьесаның философиялық түйіні. Пьеса бүгінгі қоғамдағы психологиялық мәселелерді травма, кінә, аналық жауапкершілік, отбасылық қатынас ашық көрсетеді. Қазіргі көрермен дәл осындай шынайы, ауыр, бірақ өмірлік тақырыптарға зәру десек артық емес. Шығарма формасы жағынан заманауи театр талаптарына сай. Онда реализм мен символизм қатар жүреді, сахналық шешімдерге кең мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл пьеса жеңіл қабылданбайды. Ол көрерменді «жай ғана көруге» емес, ойлануға, өз-өзіне қарауға мәжбүрлейді. «Ласточка» пьесасы адам жанының ең терең қатпарларын, әсіресе кінә сезімінің ауыр салмағын шынайы әрі әсерлі бейнелейтін шығарма. Ол қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелерді көтере отырып, көрерменді ойлануға және өзін-өзі тануға жетелейді. Сондықтан бұл туындыны заманауи театр сахнасына қою уақыт талабына сай маңызды қадам деп білеміз.
Адина Абзал, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының «Театртану» мамандығының 3-курс студенті
