Нұржігіт Мүсілім «Тәуелсіз»

Нұржігіт Мүсілім «Тәуелсіз»

Нұржігіт Мүсілімнің «Тәуелсіз» атты драматерапиялық пьесасы – заманауи әлеуметтік-психологиялық драматургияның айқын үлгісі ретінде қарастыруға болатын шығарма. Бұл туынды дәстүрлі драмалық құрылымнан гөрі, вербатим элементтері мен драматерапия әдістеріне негізделген көпэпизодты композиция арқылы қазіргі қоғамдағы тәуелділік феноменін әртүрлі қырынан көрсетеді.

Пьесаның құрылымдық табиғаты классикалық экспозиция–даму–кульминация–шешім үлгісіне толықтай бағынбайды. Оның орнына шығарма эпизодтық (новеллалық) принциппен құрылған. Әрбір «хикая» – жеке драмалық микрожүйе, яғни автономды сюжет, өзіндік кейіпкер, ішкі кульминация және шартты шешімі бар аяқталған блок. Бұл құрылым пьесаның негізгі идеясына қызмет етеді: тәуелділік – бір ғана адамның емес, әртүрлі әлеуметтік топтарды қамтитын көпқырлы құбылыс. Осы тұрғыдан алғанда, драматург композициялық шешім ретінде мозаикалық драматургия тәсілін орынды қолданған.

Пьесаның драматургиялық әдісіне келсек, мұнда ең алдымен драматерапия элементтері айқын байқалады. Сахналық әрекет психологиялық тренинг форматына құрылған: көрермен тікелей «терапия сеансының» қатысушысына айналады. Психолог кейіпкердің болуы – классикалық драматургиядағы «нарратор» функциясын атқарып қана қоймай, метатеатрлық кеңістік қалыптастырады. Яғни сахнада көрсетілген оқиға мен көрермен арасындағы шекара әдейі бұзылады. Бұл тәсіл арқылы автор көрерменді сырттай бақылаушы емес, мәселенің куәгері әрі ойланушысы ретінде тартады. 

Шығармадағы негізгі драматургиялық тетік – монологтық баяндау. Әр кейіпкер өз тарихын бірінші жақтан жеткізеді. Бұл – психологиялық шынайылықты күшейтетін маңызды құрал. Мұндай тәсіл көрерменге кейіпкердің ішкі күйін тікелей сезінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл жерде документализм элементтері де байқалады: оқиғалардың «болған шынайы жағдайлар желісі бойынша» берілуі пьесаның әлеуметтік салмағын арттырады.

Әр хикая белгілі бір тәуелділік түрін ашады: лудомания, гейминг, жыныстық девиация, радикализм, тағамдық бұзылыс, нашақорлық. Бұл жерде драматург типологиялық жинақтау әдісін қолданады. Яғни әр кейіпкер жеке тағдыр болғанымен, олар белгілі бір әлеуметтік құбылыстың көркем типіне айналған. Мысалы, Мақсат образы – қаржылық қысым мен оңай табыс иллюзиясының құрбаны болса, Еркін – әлеуметтік травмадан қашудың виртуалды жолын таңдаған тұлға, ал Қайрат – тұлғалық тәуелсіздіктің жоқтығынан радикалды идеологияға ұрынған кейіпкер. 

Драматургтің маңызды жетістіктерінің бірі – тәуелділікті тек мінез-құлық мәселесі емес, психологиялық жарақаттың салдары ретінде көрсетуі. Барлық кейіпкерлердің тағдырында ортақ бір заңдылық бар: балалық шақтағы жетіспеушілік (назар, махаббат, қабылдау) кейін тәуелділікке алып келеді. Бұл идея пьесаның концептуалдық өзегін құрайды.

Сонымен қатар, пьесада катарсис элементтері ерекше рөл атқарады. Әр кейіпкердің монологы белгілі бір эмоционалдық шарықтау нүктесіне жетіп, одан кейін шартты түрде «тазару», яғни өзгеру, тәуелділіктен арылу кезеңімен аяқталады. Бұл – драматерапияның негізгі принциптерінің бірі. Дегенмен, осы тұста шығармаға қатысты бірқатар сыни байқаулар да айтуға болады.

Мысалы, барлық кейіпкерлердің финалда «Мен тәуелсізбін!» деген ортақ формуламен аяқталуы белгілі бір деңгейде драматургиялық бірсарынды әсер қалдыруы мүмкін. Бұл көркемдік әртүрлілікті азайтып, кейіпкерлердің индивидуалдылығын әлсірету ықтималдығын тудырады. Сондай-ақ кейбір оқиғалардың шешімі тым тез әрі оптимистік сипатта беріледі, бұл шынайы өмірдегі тәуелділіктен шығу процесінің күрделілігімен толық сәйкес келе бермеуі мүмкін.

Соған қарамастан, пьесаның басты ұтымдылығы – оның әлеуметтік резонансында. Бұл шығарма көрерменге тек эстетикалық әсер беріп қана қоймай, нақты мәселені түсінуге, оны сезінуге итермелейді. Туындының тәрбиелік, профилактикалық маңызы жоғары. Әсіресе жас аудитория үшін бұл пьеса – ескерту, ойлану, өзін тану құралы бола алады.

Сахналық тұрғыдан қарағанда, «Тәуелсіз» пьесасы қоюға ыңғайлы. Оның минималистік кеңістікті талап етуі, актерлік ойынға басымдық беруі, пластикалық және вербалды құралдардың үйлесімі режиссерлік интерпретацияға кең мүмкіндік ашады. Сонымен қатар көрерменмен тікелей байланыс орнату элементтері (интерактив) спектакльдің әсерін күшейте алады.

Жалпы алғанда, бұл пьесаны әлеуметтік-драматерапиялық бағыттағы заманауи сахналық жоба ретінде бағалауға болады. Ол көркемдік тұрғыдан классикалық драма талаптарына толықтай сәйкес келмеуі мүмкін, алайда оның басты құндылығы – қоғамдағы өзекті мәселені ашық көтеріп, көрерменмен тікелей диалог құра алуында. Қорытындылай келе, «Тәуелсіз» пьесасы – бүгінгі күннің шындығын көрсететін, адамның ішкі жарақаттары мен тәуелділік табиғатын түсіндіруге ұмтылатын маңызды туынды. Бұл шығарма театрдың тек өнер емес, сонымен қатар әлеуметтік және терапиялық құрал бола алатынын дәлелдейді.

Шырын Санатқызы, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының  “Өнертану” факультетінің 2 курс магистранты

Әр түрлі тәуелділігі бар, жарты өмірлері сол тәуелділікпен күресуге кеткен жандардың кешкі бір терапияда кездесіп, өз қателіктері мен алған сабақтарын бөлісіп, кеш көрермендерін ойландыруға, дұрыс таңдау жасауға бағыттауы негіз болған туынды. Оқып отырған оқырманның да көңіліне қарапайым, кішкентай көрінген қателіктің өзіне, жақындарына, қоршаған ортаға алып келетін үлкен қатерін сезіндіреді. Кеш барысында танысқан жеті оқиғаның да, жеті мәселенің де қазіргі таңда өзектілігі жоғары деңгейде екендігі анық. Әр оқиға бір адамның ғана емес, тұтас қоғамның дерті іспеттес. Бұл кейіпкерлердің барлығын біріктіретін ортақ нәрсе олардың өмірінің белгілі бір кезеңінде жетіспеген жылулық, түсіністік, махаббат пен дұрыс бағыттың болмауы. Яғни, бұл тәуелділіктердің түбінде тек әлсіздік емес, адамның ішкі жан дүниесіндегі бос кеңістік, назар мен құндылықтардың жетіспеушілігі екендігі анық. 

Кейіпкерлердің әрқайсысы жеке бір әлеуметтік мәселені бейнелейді. Лудоманияға тәуелді кейіпкер жеңіл жолмен табыс табуға ұмтылып, ақырында өз өмірін бақылаудан шығарып алған жан ретінде көрінеді. Геймер кейіпкер шынайы өмірден қашып, виртуалды әлемге тәуелді болып қалған, қоғамнан алыстап кеткен тұйық тұлға. Жеңіл жүріс жолына түскен кейіпкер арқылы өзін-өзі бағаламау, ішкі бос кеңістікті жалған сезімдермен толтыру әрекеті байқалады. Радикалды көзқарастағы кейіпкер өмірлік ұстанымы толық қалыптаспаған, сыртқы ықпалға тез берілетін жан ретінде сипатталған. Қомағай кейіпкер өз мәселесін тамақ арқылы ұмытқысы келетін, эмоциясын басқара алмайтын адам бейнесін көрсетеді. Ал нашақор кейіпкердің тағдыры тәуелділіктің адам өмірін толық күйрететінін дәлелдейтін ең ауыр әрі әсерлі мысалдардың бірі болды. Шығарма соңында кейіпкерлердің әрқайсысы өз қателіктерін түсініп, тәуелділіктерінен арылуға қадам жасап, жаңа өмірге деген үмітпен қайта оралғандығы баяндалады. Олар өткеніне сабақ ретінде қарап, болашаққа басқа көзқараспен қарай бастайды. Бұл көрініс оқырмандарға да үміт сыйлап, қандай жағдай болмасын өзгеруге болатынын дәлелдейді.

 Пьесаны сахналау тұрғысынан қарастырсақ, оның бірқатар артықшылықтары бар. Ең алдымен, оқиғаның бір ғана кеңістікте өтуі режиссерге сценографияны қарапайым әрі тиімді шешуге мүмкіндік береді. Бұл минималистік сахналық шешім арқылы көрерменнің назарын декорацияға емес, кейіпкерлердің ішкі күйіне аударуға жол ашады. Сонымен қатар, әр кейіпкердің монологтары мен диалогтары актерлік шеберлікті толық көрсетуге жағдай жасайды, яғни бұл пьеса актерлік ойынға негізделген қойылым ретінде сәтті жүзеге асуы мүмкін..

Туынды оқырманды терең ойға жетелеп, әрбір таңдаудың маңызын түсіндіреді. Автордың осындай өзекті тақырыптарды көтеріп, қоғамдағы күрделі мәселелерді ашық көрсеткен батыл қадамы  қуантады. Сонымен қатар, шығарманың тілдік сауаттылығына да мән беріліп, орфографиялық қателерді мүмкіндігінше түзетіп отырса, туындының әсері одан әрі күшейе түсер еді деген ұсыныс.

Зарина Жүнісбек, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Театртану мамандандыруының 1 курс студенті

Добавить комментарий