Адам дегеніңіз — бұл әлемде өзін галлюцинациядан ажырата алмайтын нүкте
Дана Асылбектің «Сингулярлық нүкте» пьесасы психологиялық монодрама жанрында жазылған. 24-25 жастағы кейіпкер қыздың психологиялық ішкі күйі жайында айтылатын бұл шығармада ол бірнеше кейіпке енеді. Пролог және бес бөлімнен тұратын туынды едәуір тартысқа толы. Ондағы психологиялық жағдай терең филолсофиялық ойлануды қажет етеді.
Автор пьесада көрсеткендей, оқиға орны қыздың миындағы естеліктер жиналған оқиғалар кеңістігі.
Қыз баланың нәзік болмысының өмірдің қандай тұстарында тіпті әлсіз екенін жеткізетін шығармада, түрлі оқиғалар мен салыстырулар көрсетілген.
Бірінші көріністе, қыздың өз өзінен безінуі туралы жеткізеді. Онда көйлегінің лас болуы да тектен-тек емес.
Ата-ана тарапынан қолдау күтпеу, адам үшін үлкен орын алатын Ананың жоқтығы да нәзік жүрекке салмақ еді.
Екінші көріністе, өмірдегі әлдебір сәтсіздіктің тағдырына әсер етуі, онсыз да жарым-жан көңілді одан әрі жетімдету, киелі сөзбен көмкеріліп, символдық тұрғыда орамалдың жерге тапталуымен берілген.
Физикалық қимыл-қозғалысқа күрделі сахналар орын алатын үшінші көріністе, шарықтау шегіне жеткендей әсер береді. «Ей, құлдар! Мынаның үстін шаң басыпты. Сүртіңдер! Сосын әлгі арсыз қызды тапсаңдар мына қонақтарға жеткізіңдер. Оны ар-ұяты іздеп жүр деп айта барыңдар! » деп аяқталатын бұл көрініс физикалық қозғалыспен де, терең ойлы мағынасымен де күрделі.
Шарықтау шегіне жетер тұсы да осы болса керек, сауал қою, жауап алу соңында қорытынды шығару сәттері жалғыз кейіпкердің мұң-мұқтажының ақтарылар сәті туған төртінші көріністің айтылар ойы осы болды.
Шығарма соңы «іздеумен» өткен ғұмырдың шешімін табумен аяқталады. Жалпы шығарма желісі қызықты, мазмұны ауықымды болуымен оқырманын өзіне баурай алды. Көкжиегі кең шығарманың түйер ой да, айтылар сыр да бағалы. Бүгінгі театрлық процесске қажеттінің бірсыпырасын табуға әбден жарайтын дүние қатарында.
Карима Ахан, театртанушы